Фото авторы: depositphotos.com
Қазақстанда денсаулық сақтау саласындағы цифрлық сервистерді дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. 2026 жылғы 26 қазаннан бастап еліміздің барлық өңірінде жүргізілген вакцинация туралы SMS-хабарлама жіберу қызметі іске қосылды, – деп хабарлайды Newmedia.kz
Екпе туралы мәлімет "Вакцинация" модуліне тіркелгеннен кейін азаматқа немесе баланың заңды өкіліне автоматты түрде SMS-хабарлама келеді. Онда салынған вакцинаның түрі мен вакцинация жүргізілген күн көрсетіледі.
Жаңа қызмет вакцинация есебінің ашықтығын арттыруға, екпе туралы мәліметтердің дұрыстығын қамтамасыз етуге және халықпен кері байланысты нығайтуға бағытталған.
Азаматтарға хабарламада көрсетілген мәліметті растау үшін екі жауап нұсқасының бірін таңдау ұсынылады:
"811" ("Иә") – вакцинация шынымен жүргізілген болса;
"812" ("Жоқ") – екпе жүргізілмеген болса.
Таңдалған жауапты 1414 қысқа нөміріне жіберу қажет.
Егер SMS-хабарламадағы мәлімет шындыққа сәйкес келмесе, азамат "812" жауабын жіберу арқылы бұл туралы хабарлай алады. Осылайша, нақты жүргізілген вакцинация мен медициналық ақпараттық жүйеге енгізілген деректер арасындағы ықтимал сәйкессіздіктерді дер кезінде анықтауға мүмкіндік туады.
Вакцинация туралы толық мәліметті eGov Mobile мобильді қосымшасынан да көруге болады.
Пікір жоқ