Фото авторы: gov.kz | ҚР Денсаулық сақтау министрлігі
Бүгін бірден төрт ұл баланы дүниеге әкелген Жетісу облысының тұрғыны перзентханадан салтанатты түрде шығарылды, деп хабарлайды Newmedia.kz ҚР Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Төрт ұл 24 қыркүйекте жүктіліктің 30 аптасы 6 күнінде кесарь тілігі арқылы дүниеге келген. Сәбилерге Арлан, Арсылан, Әлихан және Әмірхан есімдері қойылған. Осылайша отбасындағы бала саны жетеуге жеткен.
«Бірден төрт бала күтіп жүргенімді білгенде таңғалдым, қуандым әрі қобалжыдым. Алда оңай жол тұрмағанын түсінсем де, бәрі жақсы болатынына сендім. Маған және сәбилеріме қамқорлық көрсеткен дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне алғыс айтамын», – деді анасы.
Әйел жүктіліктің 23-аптасынан бастап Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы мамандарының бақылауында болған. Мерзімінен бұрын босану қаупіне байланысты дәрігерлер ана мен сәбилердің жағдайын тұрақты қадағалап, ықтимал асқынулардың алдын алу шараларын жүргізген.
Мамандардың айтуынша, төртемге жүкті болу – өте сирек кездесетін жағдай әрі дәрігерлер үшін үлкен жауапкершілік пен кәсіби шеберлікті талап ететін күрделі үдеріс. Болашақ ана жүктіліктің 23-аптасынан бастап орталық мамандарының бақылауында болған.
Пікір жоқ