Саясат

Мемлекет басшысы қазақ тілі орфографиясын ретке келтіруді тапсырды

Мемлекет басшысы қазақ тілі орфографиясын ретке келтіруді тапсырды

Фото авторы: Ақорданың баспасөз қызметі




Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілі орфографиясының ғылыми негізін зерделеп, оны келесі жылдың соңына дейін ретке келтіруді тапсырды, – деп хабарлайды Newmedia.kz

Мемлекет басшысы қазақ тілінің ғылым мен өндіріс тіліне айналуы отандық ғылымның дамуына тікелей байланысты екенін бүгінгі Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының Х құрылтайында атап өтті.

Бұл бағытта жоғары оқу орындарына ерекше міндет жүктеледі. «Ғылым дамыса, қазақ тілі де ғылым мен өндірістің тілі болмақ. Бұл тұста жоғары оқу орындарының рөлі аса маңызды. Университеттер қазақ тіліндегі ғылыми-зерттеу еңбектеріне айрықша назар аударуы қажет», – деді Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев тілдегі бірізділік мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, қазір қазақ тіліндегі кейбір сөздер, ұғымдар мен түсініктер әртүрлі қолданылып жүр. Мұндай жағдай жұртты шатастырып қана қоймай, тіл тазалығына да кері әсер етеді. «Қазақ тілін қолдану ісінде нақты жүйенің, белгілі бір тәртіптің болуына баса мән берген жөн. Ең алдымен, емле мен ережені түгендеп, жүйелеу керек. Бұған қоса, барлық сөздікті, соның ішінде орфографиялық сөздікті жаңартатын уақыт келді», – деді Мемлекет басшысы. Президент ресми түрде бекітілген қазақ тілінің орфографиялық сөздігі Кеңес дәуірінде, 1983 жылы жарық көргенін еске салды. Одан кейін бірнеше сөздік басылғанымен, олардың ешқайсысы мемлекеттік деңгейде бекітілмеген және заңды күші жоқ екенін атап өтті. Мемлекет басшысы кейбір көрші елдерде мұндай ғылыми еңбектер бес жыл сайын жаңартылатынын мысалға келтірді. «Біз де қазақ тілі орфографиясының ғылыми негізін зерделеп, жедел түрде ретке келтіруіміз керек. Осы жұмысты келесі жылдың соңына дейін аяқтау қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Пікір

    Пікір жоқ

Пікір қалдыру